Пайдаланушы келісімі
Келісім Teez-дің кез келген Сатып алушыға төменде көрсетілген шарттарда Пайдаланушы келісімін жасасуға арналған жария ұсынысы (оферта) болып табылады.
Пайдаланушы Маркетплейсті пайдалануды бастағанға дейін осы Келісіммен толық танысуға міндетті. Сайтта немесе қосымшада есептік жазбаны тіркеу, Маркетплейстің кез келген функциялары мен бағдарламалық мүмкіндіктерін пайдалану фактісі Пайдаланушының осы Келісімді, сондай-ақ, Teez-дің дербес деректерді өңдеуге қатысты саясатын толық және сөзсіз қабылдауын білдіреді.
1. Келісімнің мәні
1.1. Осы Келісім Сатып алушы Маркетплейсті пайдалану кезінде туындайтын Teez бен Сатып алушының арасындағы қатынастарды реттейді.
1.2. Терминдер мен анықтамалар:
Teez — «Teez Logistics» ЖШС (БСН 231140010013, заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Қазыбек Би атындағы аудан, 134 есептік орам, 938 құрылыс, пошта индексі 100008).
Авторизация — Жеке кабинетке кіру үшін логин мен құпиясөзді енгізу арқылы Сатып алушыны сәйкестендіру процесі.
Teez дерекқоры —Тауарлар мен қызметтер туралы ақпаратты қамтитын, әлеуетті Тауарларды (қызметтерді) Сатып алушыларға (тұтынушыларға) арналған ақпараттық-анықтамалық жүйе.
Жеке кабинетті бұғаттау — Маркетплейсте Сатып алушының іс-әрекетін жүзеге асыруға тыйым салу.
Тапсырысты ресімдеу — Сатып алушының Сатушымен Тауарды сатып алу-сату шартын жасасуға және/немесе Teez-бен Тауарды жеткізу туралы шарт жасасуға бағытталған іс-әрекеттері. Әр тапсырысқа жеке нөмір беріледі.
Код — тапсырысты рұқсатсыз алудан қосымша қорғау құралы ретінде қызмет ететін жеке сәйкестендіру нөмірі, Сатып алушының өзі қойған қолдың баламасы болып табылады.
Жеке кабинет — Сатып алушы туралы ақпаратты, жасалған тапсырысты және келісімді іске асыруға қатысты өзге де ақпаратты қамтитын, сондай-ақ, Teez-де Сатып алушының логині мен құпиясөзін пайдалана отырып, авторизациядан кейін Сатып алушыға қолжетімді, Тараптардың қашықтықтан өзара іс-әрекет жасасу мүмкіндігін беретін, Сатып алушының Teez-бен өзара іс-әрекетінің бағдарламалық интерфейсі.
Маркетплейс — ЭЕМ-ге арналған бағдарламалармен және Teez-дің Дерекқорларымен біріктірілген, https://teez.kz мекенжайында орналасқан веб-сайт, сонымен қатар, Teez мобильді қосымшасы.
Сатып алушы — Маркетплейстегі Сатушының интернет-дүкенінде Тауарларға қашықтықтан тапсырыс беру тәсілі арқылы Тауарларды Сатушыдан сатып алатын жеке тұлға.
Teez-дің дербес деректерді өңдеуге қатысты саясаты — Сатып алушының дербес деректерін үшінші тұлғалардың заңсыз қол жеткізуінен, жоюынан, өзгертуінен, бұғаттауынан, көшіруінен, таратуынан, сондай-ақ, өзге де заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін Teez қабылдайтын ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың тізімдемесін қамтитын құжат.
Сатушы — Маркетплейс арқылы Тауарларды Сатып алушыға сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Маркетплейсте тіркелген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға.
Шарт — осы Келісімде көзделген тәртіппен Сатушы мен Сатып алушы арасында жасалатын Тауарды сатып алу-сату шарты.
Тапсырыс беру пункті (ТБП) — Сатып алушы тапсырысын ала алатын үй-жай. Беру пункттерінің тізімдемесі Маркетплейсте анықталады және көрсетіледі.
Келісім — бұл Маркетплейсті пайдалану тәртібі мен шартын анықтайтын осы Пайдаланушы келісімі.
Тауар — Сатушы мен Сатып алушы арасында жасалатын сатып алу-сату шартының нысанасы болып табылатын тауарлар.
2. Тіркеу және авторизация
2.1. Маркетплейсті пайдалану мүмкіндігі болу үшін Сатып алушы Сайтта және/немесе қосымшада тіркеу нысанын, атап айтқанда: телефон нөмірін (логин) толтыру, смс-хабарлама арқылы телефон нөмірін растау, құпиясөзді қалыптастыру және «Тіркеу» батырмасын басу арқылы бірқатар дәйекті әрекеттерді орындау арқылы тіркеуден өтуі керек.
2.2. Келісімнің Тараптары осы Келісімді жасасу және орындау үшін қажетті құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігіне ие екендігіне кепілдік береді.
2.3. Сатып алушының Есептік жазбасы Teez-дің Жеке кабинетіне кіру үшін қажетті және жеткілікті ақпарат болып табылады. Жеке кабинетке кіру қолжетімділігі қалпына келтірілмейді. Сатып алушының Жеке кабинетті құрған кездегі телефон нөмірі қолжетімсіз болған жағдайда, ағымдағы телефон нөмірін пайдаланып тіркеу рәсімінен қайта өту ұсынылады.
2.4. Тіркелгеннен кейін Сатып алушыда Жеке кабинетке арналған сурет жүктеу мүмкіндігі болады. Көрсетілген сурет үшінші тұлғалардың айрықша құқықтарын бұзбайтын болуы тиіс.
3. Сатып алу
3.1. Маркетплейстің көмегімен Сатып алушы Тауарлар туралы ақпаратты іздей алады және қажетті Тауарды сатып ала алады.
3.2. Сатып алушыға Тауарды алудың келесі жолдары қол жетімді болуы мүмкін:
Тапсырыстарды беру пунктінен өз бетінше алу (қалалардың қолжетімді тізімдемесі сайтта орналастырылған);
Тапсырыстарды беру пункті ашылған қала ішінде көрсетілген мекенжай бойынша курьерлік жеткізу. Бұл ретте, егер Сатып алушы жеткізушіден тапсырысты есік алдында қалдыруды сұраса, жеткізу қызметтері тиісті түрде орындалған болып есептеледі, тапсырыстың жоғалу немесе бүліну қаупі жеткізу сәтінде Сатып алушыға өтеді.
3.3. Тапсырыс беру кезінде Сатып алушы:
соның тауарын сатып алатын Сатушымен тікелей шарттық қатынастарға түседі;
егер Сатып алушының орналасқан жеріне жеткізу қызметін таңдаған болса, Teez ұсынатын Тауарды жеткізу қызметтерінің тапсырыс берушісі болып табылады.
3.4. Teez және Сатушы Сатып алушының алдында шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауды үшінші тұлғаларға тапсыра алады, сонымен бірге, оның орындалуына жауапты болып қала береді.
3.5. Тапсырыс бере отырып («Тапсырыс беру» батырмасын немесе басқа да ұқсас батырманы басу арқылы), Сатып алушы келесіні растайды:
Тауарлар (қызметтер) туралы ақпарат Сатып алушының назарына толық көлемде жеткізілді;
Сатып алушы осы Келісімнің шарттарымен толық танысты, ол оларды толық түсінеді, сондай-ақ, Сатушымен жасалған шарттың нысанасы мен талаптарын түсінеді және келіседі;
Сатып алушы Тауарды сатудың барлық елеулі талаптарымен танысты. Сатушы Тауарды сатудың Елеулі талаптарын Тауардың сипаттамасы берілген бетте (Тауар карточкасы) көрсетеді.
3.6. Тапсырысты беру кезінде Сатып алушыны тексеруді жүзеге асыру үшін, Сатып алушыға тіркеу кезінде Сатып алушы көрсеткен телефон нөміріне смс-хабарлама арқылы Код жіберіледі. Тауарды беру де Сатып алушы Жеке кабинетте қалыптастырылған штрихкодты көрсеткен кезде жүзеге асырылады.
3.7. Сатушының Тауарды беру жөніндегі міндеттемелері және Тауарды беруге байланысты өзге де міндеттемелер Тауардың қоймада болу фактісі расталған кезден бастап туындайды. Егер, тапсырысты жинау кезінде Тауардың қоймада жоқ екендігі анықталса, Сатушының Тауарды Сатып алушыға беру жөніндегі міндеттемелері туындамайды, Тауар үшін төленген ақшалай қаражат төлем жасалған шотқа қайтарылады.
3.8. Маркетплейстегі тапсырыстарды төлеу қолма-қол ақшасыз қаражатпен жүзеге асырылады, Teez өз қызметінде қолма-қол есеп айырысуды пайдаланбайды.
3.9. Сатып алушы төлемдерді қабылдау жөніндегі уәкілетті операторды немесе электрондық ақша қаражаты операторын тарта отырып, тиісті Сатушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін және Сатушының агенті ретінде төлемді алушы болып табылатын Teez-дің мекенжайына Тауарды төлеуді жүзеге асырады.
3.10. Тапсырысты төлеу кезінде электрондық кассалық чек қалыптастырылып, Сатып алушының абоненттік нөміріне байланған жеке кабинетіне жіберіледі. Егер Сатып алушы электрондық чекті электрондық пошта мекенжайына да алғысы келсе, оны Тапсырысты ресімдеу кезінде көрсетуі қажет.
Сатып алушыға тапсырысты ресімдеу және төлеу кезінде алдын ала төлем (аванс) сомасына электрондық чек жіберіледі. Тауарды алған кезде электрондық чек қалыптастырылып, толық есеп айырысуға (Тауарға ақы төлеуге) жіберіледі. Тауар қайтарылған жағдайда, Сатып алушының Жеке кабинетіне қайтаруға чек жіберіледі, бұл ретте, Teez ақшаны Сатып алушының шотына қайтаруды ресімдеген күні жібереді, алайда, олардың шотқа түсуі банкаралық операциялардың мерзімдеріне байланысты болады және бірнеше күнге созылуы мүмкін.
3.11. Тапсырыс алу үшін Сатып алушы Teez-ге қосымшаның жеке кабинетінде құрылған штрихкодты көрсетуге немесе әкімшіге тапсырыс нөмірін айтуға міндетті. Жіберілген және көрсетілген код сәйкес келген жағдайда, Teez оны ұсынған адамға тапсырысты беруге құқылы.
3.12. Алдын ала төленген тапсырысты тапсыру кезінде заңсыз әрекеттерді болдырмау мақсатында Teez-дің ТБП-сының әкімшісі немесе жеткізуші Сатып алушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді Сатып алушыдан талап етуге құқылы.
3.13. Тапсырыс, тапсырыстарды беру пунктінде, келіп түскен сәттен бастап 5 күн бойы сақталады.
3.14. Осы Келісімнің 3.13.-тармағында белгіленген мерзім ішінде Сатып алушының тапсырыстарды беру пунктіне келмеуі және курьерлік жеткізу кезінде Тауарды қабылдау үшін өзге де қажетті іс-әрекеттерді жасамауы, Сатып алушының Тауардан бас тартуы ретінде қаралады. Бұл жағдайда, тапсырысты қайтару ресімделеді және Тауар үшін төленген ақшалай қаражатты қайтару жүзеге асырылады.
3.15. Тауарды қайтару «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010.05.04 жылғы №274–IV Заңына (бұдан әрі – Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң) сәйкес жүзеге асырылады.
3.16. Сатып алушы тиісті сападағы Тауарды он төрт күн ішінде қайтаруға құқылы.
3.17. Тиісті сападағы Тауарды қайтару – оның Тауарлық өңі, тұтыну қасиеттері, сондай-ақ, аталған Тауарды сатып алу фактісі мен шарттарын растайтын құжат сақталған жағдайда мүмкін болады.
3.18. Тауар пайдаланылмаған, пломбалары, зауыттық жапсырмалары сақталған жағдайда, Тауарлық өңі сақталған деп танылады, мұндай Тауардың сыртқы көрінісі өндірушінің тұтынушылық қаптамасымен бірге оны басқа сатып алушыға одан әрі сатуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Өндірушінің қалпына келтіруге келмейтін қаптамасының болмауы/бүлінуі, Тауарды қайта сатуға жіберуге мүмкіндік бермейтін пайдалану іздері (оның ішінде, бір реттік) сатушының Тауарды одан әрі сатуына кедергі болып табылады және Тауар өңінің сақталмағандығын куәландырады.
3.19. Сатып алушы тиісті сападағы Тауардан бас тартқан жағдайда, Teez-дің Тауарды жеткізу бойынша қызметтерінің құны қайтарылмайды.
3.20. Тауарда кемшіліктер анықталған жағдайда, егер оларды Сатушы ескертпесе (осы Келісімнің 3.22-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда), Сатып алушы, өз қалауы бойынша, келесіге құқылы:
сол марканың Тауарына (сол модельге және (немесе) артикулға) ауыстыруды талап етуге;
сатып алу бағасын тиісті түрде қайта есептей отырып, басқа маркадағы (модельдегі, артикулдағы) сондай Тауарға ауыстыруды талап етуге;
сатып алу бағасының сәйкес көлемде төмендетілуін талап етуге;
Тауардың кемшіліктерін дереу өтеусіз жоюды немесе Сатып алушының, не үшінші тұлғаның оларды түзетуге жұмсаған шығындарын өтеуді талап етуге;
сатып алу-сату шартын орындаудан бас тартуға және Тауар үшін төленген соманы қайтаруды талап етуге.
3.21. Сатушының талабы бойынша және оның есебінен Сатып алушы Тауарды кемшіліктерімен қайтаруы тиіс.
3.22. Техникалық тұрғыдан күрделі тауарға және оның құрамдас бөлігіне қатысты Сатып алушы ұқсас маркалы (модельді, артикулды) Тауарға ауыстыруды, не сатып алу бағасын тиісті түрде қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды, не шартты бұзуды техникалық тұрғыдан күрделі тауардың елеулі кемшілігі болған жағдайда ғана тауар үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.
Техникалық тұрғыдан күрделі тауарға қатысты басқа жағдайларда, Сатып алушы тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды, не айырманы тиісті түрде қайта есептей отырып, сатып алу бағасын мөлшерлес азайтуды талап етуге құқылы.
3.24. Егер Тауардың кемшіліктері Тауардың кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде анықталса, Сатып алушы оларға қатысты аталған талаптарды Сатушыға қоюға құқылы.
Бұл ретте, тауар карточкасында немесе Тауарға арналған құжатта неғұрлым ұзақ мерзім көрсетілмесе, киім мен аяқ киімге қатысты кепілдік мерзімі 30 күнді құрайды. Маусымдық тауарлар үшін бұл мерзім тиісті маусым басталған сәттен бастап есептеледі.
3.25. Сатып алушы Тауардың кемшіліктерін Сатушы (дайындаушы) белгілеген кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ екі жыл ішінде анықтаған жағдайларда, егер Сатып алушы Тауардың кемшіліктері оны Сатып алушыға бергенге дейін немесе осы сәтке дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, Сатып алушы Сатушыға тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңда аталған талаптарды қоюға құқылы.
3.26. Тауарды қайтару кез келген Teez-дің ТБП-сында жүзеге асырылады.
3.27. Тауарды Сатып алушыға жеткізу тапсырысты ресімдеу кезінде келісілген мекенжай бойынша және мерзімдерде жүзеге асырылады.
3.28. Тауарды жеткізудің нақты құны Тапсырысты рәсімдеу кезінде анықталады және Сатып алушы тапсырысты рәсімдегеннен кейін оны өзгерту мүмкін емес. Сатып алушы Тауардың тиісті сапасының болмауына байланысты тапсырыстан толық көлемде бас тартқан жағдайда, жеткізу құны Сатып алушыға қайтарылады. Қызметтің кез келген себептері бойынша, тапсырыстың бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, жеткізу жөніндегі қызметтердің құны қайтарылуға жатпайды.
3.29. Сатып алушының ТБП-ға келмеуін немесе Тауарды қабылдау үшін өзге де қажетті іс-әрекеттерді жасамауын Сатушы Сатып алушының Шартты орындаудан бас тартуы ретінде қарауы мүмкін. Тапсырыс, тапсырыстарды беру пунктіне түскен сәттен бастап, беру пунктінде 5 күн бойы сақталады.
3.30. Сатып алушы өзінің тапсырысын ТБП-да (немесе курьерлік жеткізу кезінде жеткізушінің қатысуымен) тексеруді жүзеге асыруға міндетті.
3.31. Тапсырысты орындаудың кемшіліктері:
Тауардың карточкадағы сипаттамаға сәйкес келмеуі/өлшемі/түсі және т. б.;
Тауар жиынтығының толық болмауы;
Тауар қаптамасының бос келуі;
тапсырыста бір немесе бірнеше Тауардың болмауы;
механикалық зақымданған/пайдалану іздері бар/бүлінген және т. б. Тауар.
3.32. Егер Сатып алушы тапсырысты ТБП-да немесе жеткізушінің қатысуымен тексермеген болса, бірақ, Тапсырыс беруші олардың Тапсырысты алғанға дейін пайда болғанын дәлелдеген жағдайда, Teez тапсырысты орындаудың кемшіліктері үшін жауап береді.
4. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
4.1. Сатып алушы:
4.1.1. Жеке кабинетте, оның Есептік жазбасын пайдалана отырып жасалған кез келген әрекет Сатып алушының өзі жасаған әрекеті болып саналатынын түсінеді.
4.1.2. Өзінің жеке кабинетінің деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге міндеттеледі және осы деректердің сақталуына өзі жауапты болады.
4.1.4. Жеке кабинетте өзі туралы шынайы, нақты және толық ақпарат беріп, осы ақпаратты өзекті күйде жаңартып отыруы тиіс.
4.1.5. Сатып алушының есептік жазбасын пайдалана отырып, Жеке кабинетке рұқсатсыз (Сатып алушы рұқсат етпеген) кірудің кез келген жағдайы туралы және/немесе Жеке кабинетке кіру құралдарының құпиялылығын бұзылғаны (бұзылғаны туралы күдіктенсе) туралы Teez-ге дереу хабарлауға міндетті.
4.1.6. Жеке кабинетке кіру бұғатталған, жойылған және/немесе тоқтатылған кезде, Маркетплейсте қайта есептік жазба құруға құқығы жоқ.
4.1.7. Маркетплейс арқылы сатып алынған Тауарлардың сапасына қатысты барлық талаптар тиісті Сатушыға қойылатынын түсінеді.
4.1.8. Маркетплейсті пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және халықаралық нормаларды, сондай-ақ, үшінші тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін сақтауға міндеттеледі.
4.1.9. Шарт жасалған сәтке дейін шарттың мазмұнымен – офертамен, дүкеннің сайтында төлеу және жеткізу шарттарымен танысуға тиіс.
4.1.10. Өзі туралы сенімді ақпаратты (аты-жөні, байланыс телефондары, электрондық пошта мекенжайы) және Тауарды жеткізу үшін деректемелерді ұсынуы тиіс.
4.1.11. Тауарды осы Келісімде көрсетілген мерзімдерде қабылдауға және төлеуге тиіс.
4.1.12. Маркетплейсті пайдалана отырып сатып алынған Тауарлар туралы пікірлер жариялауға құқылы.
4.2. Teez:
4.2.1. Маркетплейсті пайдалана отырып, заңсыз әрекеттерді анықтау және жолын кесу жөнінде кез келген ақылға қонымды шаралар қолдануға құқылы.
4.2.2. Сатып алушының жеке басын куәландыратын құжатты және Тапсырыстың фотосуретін (скриншотын) сұратуға құқылы.
4.2.3. Сатып алушы ұсынған банк картасы, электрондық ақша шоты және телефон нөмірі туралы деректердің дұрыс еместігі үшін жауап бермейді.
4.2.4. Пайдаланушы келісіміне біржақты тәртіпте өзгерістер енгізуге құқылы.
4.2.5. Науқандарға қатысу шарттары бұзылған жағдайда, Сатып алушының меншігіне тауарды беруден бас тартуға құқылы.
4.2.6. Тауардың ерекшеліктеріне және науқанды өткізу шарттарына байланысты жағдайларда, төлқұжатты көрсетуді талап етуге құқылы.
5. Сатып алушының Келісімді бұзуы
5.1. Сатып алушы осы Келісімді бұзған және/немесе заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда, Teez Сатып алушының Жеке кабинетін бұғаттауға немесе Сатып алушының Маркетплейсті пайдалануының функционалдық мүмкіндіктерін шектеуге құқылы.
6. Ақпараттық (жарнамалық) хабарламалар
6.1. Маркетплейсті пайдалана отырып, Сатып алушы жарнамалық сипаттағы ақпараттық хабарламаларды алуға өз келісімін береді.
6.2. Сатып алушы электронды мекенжай және/немесе абоненттік нөмірі бойынша ақпараттық электронды хаттарды алудан, абоненттік нөмір бойынша телефон қоңырауларын қабылдаудан бас тартқысы келсе, ол осы жайында otzyv@teez.kz мекенжайы бойынша сайт Әкімшілігіне хабарлауға құқылы, содан соң Қолданушының электронды мекенжайы және/немесе абоненттік телефон нөмірі бойынша ақпараттық электронды хаттарды тарату дереу тоқтатылады.
7. Жауапкершілікті шектеу
7.1. Маркетплейс «сол күйінде» ұсынылады (as is), яғни Маркетплейсті орнату, жаңарту, қолдау және пайдалану процесінде туындайтын мәселелер үшін (соның ішінде, басқа бағдарламалық өнімдермен (пакеттермен, драйверлермен және т. б.) үйлесімділік мәселелері, Маркетплейсті пайдалану нәтижелерінің Сатып алушының үмітін ақтамауы және т. б.), Teez жауапкершілік арқаламайды.
7.2. Сатып алушы қолданып жатқан басқа бағдарламалық жасақтама мен Маркетплейстің үйлесімсіздігі мен қақтығыстарына байланысты туындауы мүмкін мәселелер үшін Сатып алушы өзі жауап беретінін түсінеді.
7.3. Teez Маркетплейс бойынша келесіге кепілдік бермейді:
7.3.1. Сатып алушының талаптарына сай болуына немесе болашақта сәйкес келуіне.
7.3.2. Үздіксіз, жылдам, сенімді және қатесіз ұсынылуына.
7.3.3. Маркетплейсті пайдалану арқылы алынған қызметтер мен ақпарат Сатып алушының болжамына сәйкес келуіне.
7.4. Teez, Сатып алушыға немесе үшінші тұлғаларға, олардың Маркетплейсті пайдалануы нәтижесінде немесе Маркетплейстің жұмыс істеуіне байланысты келтірілген, оның ішінде, Маркетплейсте орналастырылған ақпаратқа байланысты қандай да бір шешімдер мен іс-әрекеттер қабылдау нәтижесінде тартқан залалдары үшін, жоғалған пайданы, моральдық және өзге де зиянды қоса алғанда, кез келген залалдар үшін жауап бермейді, өтемейді және жауапкершілік арқаламайды.
7.5. Сатып алушы мен Сатушы арасындағы Маркетплейсті пайдалануға байланысты жасалған мәмілелер бойынша, оның ішінде, Сатып алушы дүкенде сатып алу ақысын төлеу үшін пайдаланатын үшінші тұлғалардың қызметтері (ұялы байланыс операторларының қызметтері, электрондық төлем жүйелерінің қызметтері және т. б.) үшін Teez жауап бермейді.
7.6. Сатып алушы Маркетплейсті қолдана отырып кіре алатын Дүкендердің сайттарында орналастырылған кез келген ақпарат, материалдар, сондай-ақ, мұндай сайттардың немесе мазмұнның қолжетімділігі және оларды тұтынушының қолдануының салдары үшін Teez жауап бермейді.
7.7. Есептік жазбаны заңсыз әрекеттер нәтижесінде алған үшінші тұлғалардың Сатып алушының Жеке кабинетінде жасаған әрекеттері үшін Teez жауап бермейді.
8. Сатып алушылардың шағымдары
8.1. Сатып алушылардың талаптары otzyv@teez.kz электрондық пошта мекенжайы бойынша клиенттерге қолдау көрсету қызметімен қаралады.
8.2. Егер Сатып алушы даулы жағдайдың шешімімен келіспесе, шағымдарын келесі жолдармен мәлімдеуіне болады:
8.2.1. Мына мекенжай бойынша пошта арқылы: «Teez Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қазақстан, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Қазыбек Би атындағы аудан, 134 есептік орам, 938 құрылыс, пошта индексі 100008.
8.2.2. Өз қолымен қол қойылған құжаттың электрондық бейнесі (сканерленген) түрінде otzyv@teez.kz электрондық поштасына жолдау арқылы.
8.3. Шағым мынадай мәліметтерді міндетті түрде көрсете отырып, еркін нысанда жасалады:
Teez мобильді қосымшасындағы тапсырыс нөмірі;
алынған тауардың кемшіліктерінің сипаттамасы;
сатып алушының талабы;
тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы талап қойылған жағдайда, төлем деректемелері, сатып алушының төлқұжатының деректері.
9. Дербес деректер
9.1. Сатып алушының Жеке кабинетінде көрсеткен дербес деректерін Teez бөлек құжатта көрсетілген Teez-дің дербес деректерді өңдеуге қатысты саясатына сәйкес сақтайды және өңдейді.
10. Зияткерлік меншік
10.1. Маркетплейсті Келісімде көзделмеген тәсілдермен пайдалануға, оның ішінде, Келісімде көзделмеген тәсілдермен кез келген нысандағы ақпаратты алуға Сатып алушының құқығы жоқ.
10.2. Келісімді орындау, байқаулар, науқандар өткізу, Сатып алушыларды және өзге де осындай іс-шараларды жариялау және ақпараттандыру, Teez-дің заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыру және Маркетплейстің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, Сатып алушы, барлық белгілі немесе белгісіз ақпараттық тасығыштарда айрықша құқықтың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде, кез келген тәсілмен, автордың аты-жөнін көрсете отырып та, көрсетпей де, Интернет желісінде жария түрде тауарларға қатысты оның қалдырған пікірлерінің мәтіндерін, фотосуреттерін жаппай пайдалануға Teez-ге мерзімсіз құқық, сондай-ақ, осындай құқықты оның үшінші тұлғаларға беруіне құқық береді.
11. Келісімді өзгерту
11.1. Teez Келісімді қандай да бір арнайы ескертусіз өзгерте алады, егер Келісімнің жаңа редакциясында басқалай көзделмесе, Келісімнің жаңа редакциясы оны Маркетплейсте орналастырған сәттен бастап күшіне енеді. Келісімнің қолданыстағы редакциясы әрқашан Teez мобильді қосымшасының Профиль бөлімінде болады.
12. Қорытынды ережелер
12.1. Сатып алушы Маркетплейсте тіркелген сәттен Келісім жасалған болып саналады және Жеке кабинет жойылғанға дейін әрекет етеді.
12.2. Егер қандай да бір себептермен осы Келісімнің бір немесе бірнеше ережелері жарамсыз немесе заңды күші жоқ деп танылса, бұл Келісімнің қалған ережелерінің жарамдылығына немесе қолданылуына әсер етпейді.
Last updated